Тарихы
Ұлттық күрестің тарихы
Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді.
Қазақ күресі бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп келді. Ірі халықаралық турнирлер 1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен өткізілді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Дене тәрбиесі және спорт комитеті алқасының шешімімен 1972 жылы қазақ күресінен тұңғыш рет 12 балуан «Қазақ КСР-інің спорт шебері» атағына ие болды. Ұлттық күрестің дамуы Қазақстан егемендік алғаннан кейін жаңа серпін алды. 1991 жылдан бастап республикалық чемпионаттар мен біріншіліктер жыл сайын өткізілетін болды.
2004 жылы Қазақтардың Берлиндегі Бүкіләлемдік Құрылтайында конференция өтіп, сонда қазақ күресі бойынша халықаралық федерация құрылды. Федерацияның президенті — Түкиев Серік Адамұлы.
2005 жылы Ресейде (Алтай өлкесі) «Қазақша күрес» күресі бойынша І Азия Чемпионаты өтті. 2005 жылы қарашада Астанада ҚР Президентінің жүлдесіне «Қазақша күрес» күресі бойынша ірі халықаралық турнир болды. Оған әлемнің 25 елінен 100-ден аса спортшы қатысты. Олардың қатарында Германия, Түркия, Голландия, Франция және басқалары бар. Биылғы жылдың шілдесінде Монғолияда қазақ күресі бойынша ІІ Азия Чемпионаты өтті. 2011 жылы тамызда қазақша күрестен Қазақстан біріншілігі болып өтті.
2010 жылы Астана қаласында өткен үшінші Әлем чемпионатына ФИЛА (UWW) президенті Рафаель Мартинетти арнайы келіп Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясын ФИЛА мүшелігіне қабылдау туралы құжатқа қол қойды. Бұл ұлттық күресіміздің тарихындағы ең бір маңызды сәттің бірі.
Жалпы алғанда 2004-2023 жылдары аралығында қазақ күресінен Қазақстанда, Иранда, Бразилияда, Оңтүстік Африкада және тағы басқа елдерде 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, 6 Еуропа біріншілігі ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларда «Qazaq kuresi» Ассоциациясының тікелей жетекшілігімен жұмыс істейтін өңірлік федерациялар құрылған. Ал халықаралық аренада әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресінің федерациялары жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда төл күресті ел ішінде және шетелді дамыту және жарыстарды өткізу жұмыстары «Qazaq kuresi» Ассоциациясына жүктелген. Бұған дейін елімізде қазақ күресін дамытумен Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы және Республикалық қазақ күресі федерациясы айналысып келген болатын. 2022 жылдың 29 ақпанында Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде үш федерацияның бірлескен Конгресі өтіп, сала мамандарының қолдауымен Qazaq kuresi Ассоциациясы құрылды. Ассоциацияның мақсаты – қазақ күресін республикалық және халықаралық аренада дамыту, оны олимпиадалық спорт түрлері бағдарламасына енгізу үшін тиісті қадамдар жасау және кешенді шараларды ұйымдастыру.
2022 жылы Біріккен Күрес әлемі (UWW) халықаралық ұйымы төл күресімізді дамытуда біршама еңбек сіңірген Qazaq Kuresi Ассоциациясын мүшелікке қабылдады.
2023 жыл қазақ күресі үшін тарихи жыл болғанын атап айтқан жөн. Төл күресіміз алғаш рет Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының (World Combat Games) бағдарламасына енді. Бұл маңызды оқиға Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы – Эр-Риядта болды.



This site was made on Tilda — a website builder that helps to create a website without any code
Create a website